Кәдеге жарату есебінен қалдықтарды басқару бойынша 11 жоба іске қосылды
2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәдеге жарату есебінен қалдықтарды басқару жөніндегі жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігі іске қосылды. Бұл қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алуға 3%-дан 15 жылға дейін жеңілдетілген несиелеу. ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Тукеновтың айтуынша, осы уақыт ішінде Министрлік жанындағы инвестициялық штаб 302,3 млрд теңге сомасына 61 жобаны мақұлдады.
«Бүгінгі жағдай бойынша «Жасыл даму» АҚ жалпы сомасы 113,6 млрд теңгеге 28 жобаны қаржыландырды. Көрсетілген сомадан қарыз алушылар 89,9 млрд теңгені игерді. 11 жоба пайдалануға берілді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Жыл соңына дейін 7 жоба бойынша пайдалануға беру актілері дайын болмақ, 6 жоба 2027-2028 жылдары тапсырылады, 14 жоба Өнеркәсіпті дамыту қорымен мақұлданып, қаржыландыру сатысында тұр.
«Жалпы, бұл жұмыс қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жақсартуға, 2030 жылы қайта өңдеу үлесінің 40%-на қол жеткізуге, сұрыптау қуатын жылына 2,2 млн тоннаға және қайта өңдеу қуатын жылына 1,1 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Руслан Төкенов.