«Әділет» партиясының республикалық штабы Атырауда бірнеше маңызды кездесу өткізді
«Әділет» партиясының республикалық штабы сайлауалды науқан аясында мұнайлы өлке – Атырау облысына ат басын бұрды. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, партия өкілдері аймақтағы ірі өндіріс орындарына барып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Бұған дейін Түркістан мен Маңғыстау облыстарында болған кандидаттар Атырау сапарында мұнай өңдеу, өнеркәсіп, экология және кадр тапшылығы мәселелеріне назар аударды.
Атырау облысының ел экономикасындағы орны ерекше. Мұнда мұнай өндірумен қатар, өңдеу өнеркәсібі де дамыған. Аймақтағы стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ). Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының бірі саналатын бұл кәсіпорын ішкі нарықты бензин, дизель отыны, авиаотын және басқа да мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Тиісінше, республикалық штаб өкілдерінің Атыраудағы жұмыс сапары АМӨЗ-ден басталды. Елдегі тұңғыш мұнай өңдеу кәсіпорны саналатын зауытта жыл сайын шамамен 5,5 млн тонна мұнай өңделеді. Кездесу барысында өндірісті дамыту, еңбек жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жас мамандарды салаға тарту мәселелері қозғалды.

Партия өкілдерінің айтуынша, «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасында Атырау облысының ерекшелігі ескерілген. Атап айтқанда мұнай-газ химиясын дамыту, өңдеуші өнеркәсіпті күшейту, отандық сервистік компанияларды қолдау, ірі жобаларда қазақстандық компаниялар мен отандық өнімдердің үлесін көбейту және еңбек адамын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету бағыттары қамтылған.
Кездесулерде экология мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өнеркәсіп саласы қарқынды дамыған өңірде қоршаған ортаны қорғау – тұрғындар үшін маңызды тақырыптардың бірі. Құрылтай депутаттығына кандидат Арман Хайруллин экологиялық төлемдерді пайдалану тәртібін қайта қарау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл қаржы қай өңірден жиналса, сол аймақтағы табиғатты қалпына келтіруге жұмсалуы керек.

«Біз Экологиялық кодексте бекітілген «ластаушы төлейді» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруды ұсынамыз. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметінен зардап шеккен өңірлер қоршаған ортаны қалпына келтіру үшін қаражы алуы тиіс. Мұнай компанияларынан өндірілетін экологиялық айыппұлдардың бір бөлігін осы өңірлердің экологиясын жақсартуға бағыттауды ұсынамын», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Арман Хайруллин.
Кездесулер барысында кадр мәселесі де қозғалды. Кәсіпорын өкілдері өндіріс саласына жас инженерлер мен техникалық мамандарды тарту қиындап келе жатқанын айтты. Делегация мүшелерінің сөзінше, партия бағдарламасында бұл мәселеге де қатысты бастамалар қарастырылған.
Сапар барысында штаб өкілдері TEXOL вагон жасау зауыты мен «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорнына да барды. Кездесулерде отандық машина жасауды дамыту, өндірісті жергіліктендіру, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру, өнеркәсіпті цифрландыру және инженерлік білімді қолдау мәселелері талқыланды.

Құрылтай депутаттығына кандидаттар Рауан Кенжеханұлы, Үнзила Шапақ, Жанарбек Әшімжанов және Арман Хайруллин «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Атыраудағы жүздесулер өңірдің өндірістік әлеуеті мен тұрғындарды толғандыратын мәселелерді талқылауға бағытталды.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.