«Әділет» партиясы бағдарламасының ерекшелігі неде: сарапшылар пікірі
«Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік басқаруды цифрландыруға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға басымдық берілген және соны іске асыруға нақты мақсат қойылған. Осы орайда саясаттанушылар мен сарапшылар партия ұсынған басты бағыттар мен жоспарларға талдау жасады.
Qazaq Expert Club сарапшысы Әсет Қожданның айтуынша, құжатта 2031 жылға дейінгі атқаратын жұмыстар нақты сандармен жазылған. Халықтың өз ұсыныстары мен идеяларын білдіріп, елді басқаруға белсене араласуына мүмкіндік беретін жолдарды қарастырған.
«Бағдарламада жұмысты электронды түрге көшіруге, нәтижені нақты санмен өлшеуге және мемлекеттік қызметті ең алдымен халықтың ыңғайына қарай жасауға басымдық берілген. Ал бұл ұсыныстардың қаншалықты пайдалы болатынын алдағы уақытта көреміз», – деді сарапшы.
Саясаттанушы Ислам Кураевтің пікірінше, бағдарлама қоғам алдындағы жауапкершілік қағидатына құрылған.
«Партияның пікірінше, әділеттілік орнату үшін мемлекеттік органдар дұрыс жұмыс істеп, заң бәріне бірдей қолданылуы керек. Сонымен қатар бизнеске тең мүмкіндік беріліп, мемлекет халық алдында жауапты болуы тиіс. Бағдарламадағы әрбір ұсыныс нақты сандарға негізделген», – деді ол.
Бағдарламада 2031 жылға дейін 1 миллион сапалы жұмыс орнын ашу, әрбір қазақстандықты баспанамен қамтамасыз ету деңгейін жан басына шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру және ауыл тұрғындарының табысын өсіру секілді міндеттер қойылған.
Сарапшылар мемлекеттік басқаруды цифрландыруға ерекше назар аударылғанын айтады. Атап айтқанда, сайлауалды уәделердің орындалуын көрсететін ашық цифрлық бақылау жүйесін енгізу, бюджеттің игерілуін онлайн бақылау, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, e-АӨК платформасын дамыту және азаматтың жеке цифрлық портмонын құру ұсынылған. Сонымен қатар 5 миллион азаматты жасанды интеллект технологияларын қолдануға оқыту жоспарланған.
Әлеуметтік салада атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу және «Баланың цифрлық маршруты» жүйесін енгізу көзделген. Экономикалық бағытта мемлекеттің бизнеске араласуын азайту, жекешелендіруді одан әрі жүргізу, кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын оңайлату және инвестиция тарту жүйесін жақсарту жоспарланып отыр.
Тұрғын үй саясаты бойынша партия жалға беру арқылы сатып алу тетігін кеңейтуді, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 13 триллион теңге бөлуді және апатты үйлерден көшіру жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасын дамыту, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру, ауылдық жолдардың 95 пайызын жөндеу және ауыл халқының 97 пайызын интернетпен қамту міндеті қойылған.
Сарапшылардың айтуынша, бағдарламаның басты артықшылығы – ондағы әрбір жоспардың нақты сандармен жүйелі түрде берілуінде болып отыр. Дей тұрғанмен, бағдарламаның құны сөзбен емес, іспен дәлелденеді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.