ОЛИГАРХТАРДЫҢ ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ЖЕРЛЕРГЕ ҚОЛ СҰҒУЫНА ҚАРСЫМЫЗ! – Қазыбек Иса


Политика / 21 сен 2023 27

Бүгін, 2023 жылы 20 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңға өзгерістер енгізбекші болып жүрген сенаторлардың заң жобасы де жетті...

Бұл заң жобасы туралы бұған дейін Мәжіліс депутаттары Абзал Құспан мен Бақытжан Базарбек фейсбук парақшаларында көтерген еді.

ҚР Парламенті Сенаты депутаты О.Булавкина «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы комитет отырысында баяндама жасады.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрағасы Асхат Аймағамбетов бірден бұл заңның қоғамда қарсылыққа ұшырағаны туралы айтып, баяндамашы сенатордан бұл жағдайға түсініктеме беруді сұрады. Сенат депутаты О.Булавкинаның жауабы ешкімді қанағатандыра қоймады.

Біз де бірден бұл заң жобасына қарсылығымызды білдіріп, сөз сөйледік.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса:

-Сенатор ханым, Ольга Александрқызы сіздің бұл ұсынып отырған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаңыз бұған дейін қанша комитеттен өтпей қалғанын біз жақсы білеміз. Бұл заңға заңнама комитетінің өзі қарсы болды, әлеуметтік желіде де қарсылыққа ұшырауда. Енді біздің комитетке алып келіпсіздер!?.

Біріншіден, бұл үйлердің, әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы «Іле Алатауы» ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы үйлердің бәрін баяғыда олигархтар сатып алған және өздері заңсыз зәулім үйлер салып тастаған. Олар енді тек заңдастыруды күтіп отыр.

Екіншіден, Үкіметке заң жүзінде бұл құқықты берсек, оны кейін бақылау мүмкін болмай қалады, Үкімет қаулы шығарғанда Мәжіліске келмейді. Ал заңда осы аталған адамдарға ғана құқық беріп (тізімдегі үй иелері) басқаларға бермей, шектеу қоя алмаймыз. Үкіметке керек пе, сол 100 шақты үйді көшіріп алсын! Тек ерекше қорғалатын табиғи аумаққа тиісуші болмасын, қол сұқпасын!

Сондықтан, бұл заң жобасынан жеке мүдделердің лоббиі байқалады деп күмәнданамыз.

Құрметті депутаттар, бұл заң жобасына қарсы болуды, теріс қорытынды шығарып, қабылдамауды ұсынамын.-деп, бұл заң жобасын қабылдамауға шақырдық.

Сөз сөйлеген Мәжіліс депутаттары Е.Саиров, Е.Бейсенбаев, Қ.Бексұлтановтар да бұл күмәнді заң жобасына қарсылықтарын білдірді.

Сенатор О.Булавкинаның да, Экология бірінші вице-министрі Н.Шәрбиев пен Орман шаруашылығы комитеті төрағасы м.а. Д.Тұрғамбаевтың да жауаптары сенімсіз болып, көңіл көншітпеді.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті депутаттарының бірауыздан қарсы дауыс беруі нәтижесінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңға өзгерістер енгізбекші болып жүрген заң жобасы қабылданбай қалды.

Бұл заң жобасы енді қай жерден шығатынын бір құдай білсін?!.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=pfbid03G4HHPoprKtxFKHMJU7v9hPsNavCi4pooXSZeHfV9BTKkW6wmJT2mTdSgMLu4X3al&id=100001908576595&mibextid=qC1gEa

Фото - tengrinews.kz

Последние новости

Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

Тел: +7 777 471 71 40

e-mail: xaqmedia.kz@mail.ru

Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ74VPY00062329 выдано 30.12.2022

© xaqmedia.kz | Все права защищены.