Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын таныстырды. Тұжырымдамада еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.
Министрлік тасымалдау кезіндегі су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн. гектарға дейін ұлғайтуды жоспарланып отыр. Сондай-ақ қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға арттырып, экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға ниетті.
«Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс басталды. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді»,- деді министр Нұржан Нұржігітов.
Еліміздің су-ресурстық әлеуетін есепке алу және болжау жүйесін дамыту, су ресурстарын басқару мен жоспарлаудың ақпараттық жүйелерін жетілдіру мақсатында Ақпараттық-талдау орталығын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп су ресустарының интерактивті геоақпараттық платформасын әзірлеп жатыр.
Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам каналды цифрландыру және суару жүйелерінің су есебін автоматтандыру жоспарланған. Сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсарту көзделген.
ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігінің баспасөз қызметі