Алматы облысында туристік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді
Жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері Туризм және спорт министрлігінің тұрақты бақылауында. Осы бағытта әкімдіктермен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Нұрбол Байжанов хабарлады.
2025 жылы Алматы облысындағы №5 жағажай үздік жағажай атанды.
«Демалыс аймағында 48 бейнебақылау камерасы орнатылып, 3 қоғамдық санитарлық-гигиеналық торап жабдықталды. Сонымен қатар, 42 киім ауыстыру кабинасы мен 25 душ кабинасы орнатылып, 45 қоқыс контейнері, 4 құтқару мұнарасы салынды. Биыл осы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізіледі», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Қазіргі таңда Қонаев қаласының №6 және №7 коммуналдық жағажайларын салу және абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Алматы облысындағы туристер көп баратын орындардың бірі – «Көшпенділер қаласының» макеті. Нысанға дейін ұзындығы 6,8 шақырым болатын автомобиль жолы салынып, электр желісі тартылды және 100 орындық автотұрақ ашылды.
Сондай-ақ Қайыңды көліне апаратын ұзындығы 9,9 шақырым автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылы Қастек шатқалынан «Шарын» ұлттық паркіне дейінгі ұзындығы 1 500 шақырымнан асатын туристік маршрут зерттеліп, 2GIS, Yandex Maps және Google Maps сервистеріне енгізілді.