«Әділет» партиясының кандидаттары Жамбыл облысындағы шалғай ауылдарға барып, кәсіпкерлермен кездесті
«Әділет» партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттардың Жамбыл облысына сапары кезінде ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау, кооперацияны дамыту және білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Кандидаттар жеңілдетілген несие алып, кәсібін гүлдендіріп отырған ауыл тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Сапар аясында партияның республикалық сайлауалды штабы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылында және Нұрлыкент ауылына барып, тұрғындармен бетпе-бет кездесті. Олар шалғайдағы елді мекендерге өңірлерді аралап жүрген партияның мобильді керуенімен жетті.
Кездесулер барысында ауылда кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кандидаттар 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы 14 бас ірі қара сатып алған Қайрат пен Сая Дүйсеқұловтардың отбасылық шаруашылығына барды. Қазір олар күніне шамамен 50 литр сүт өндіріп, өнімін жергілікті кооперативке өткізіп отыр.
«Ауылда да жақсы табыс табуға болады. Осы бағдарламаның арқасында біз сияқты жас отбасылар өз кәсібін бастап, тұрақты табыс тауып, өз күнін өзі көре алады. «Әділет» партиясының бұл жобаны әрі қарай да дамытуды көздеп отырғаны қуантады. Сондықтан 23 тамызда отбасымызбен сайлауға барып, партияны қолдаймыз», – деді ерлі-зайыпты кәсіпкерлер.
Партия өкілдері өңірде жеңілдетілген несие бағдарламасының қолдауымен ашылған ALI-KO SUT сүт өңдеу кооперативіне де барып, жұмыс барысын көзбен көріп қайтты. Кәсіпорын иесі жеңілдетілген несиенің көмегімен сүтті қабылдау, салқындату, сақтау және өңдеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алған.
Бүгінде кооператив 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жақын маңдағы ауылдардан шамамен 200 тұрғын күн сайын осында келіп, сүт өткізеді. Соның нәтижесінде жергілікті шаруашылықтардың өнімі пайдаға асып, кәсіпорында дайын сүт өнімдері өндіріледі. Кездесуде кәсіпкерлер ауылдық кооперацияны дамыту, өнім өңдеу ісін жетілдіру және қолжетімді несиенің ауылдағы тұрақты табыс пен жұмыспен қамтуға көмегі жөнінде пікір алмасты.
Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, шағын және орта бизнес бүгінде ел экономикасының маңызды тірегінің біріне айналып отыр.
«Біз адамдардың жұмыс орны тұрақты, ал табысы лайықты болуы үшін қосымша қолдау шараларын ұсынамыз. Бұл ауыл үшін ерекше маңызды. Өйткені шағын бизнес пен кооперация отбасыларға туған жерінен көшпей-ақ табыс табуға мүмкіндік береді», - деді Айбек Дәдебай.
Кәсіпкерлермен жүздесуде кандидаттар ауыл тұрғындарын мемлекеттік қолдау шараларын арттыру мәселесіне де тоқталды. Биыл бұл мақсатқа 1 триллион теңге бөлу жоспарланған, оның 100 млрд теңгесі 2026 жылы бөлінеді. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар қолданыстағы қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кандидаттар ауылдың өркендеуі тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейтінін атап өтті. Олар партия бағдарламасында білім сапасын арттыруға ерекше басымдық берілгенін еске салды.
Білім саласына қатысты бастамалар сайлауалды бағдарламада жеке бөлім ретінде бекітілген. Екінші ұлттық теледебатта Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы әрбір бала тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта партия Ұлттық тірек ауыл мектептері желісін құру, техникалық бағыттағы мамандандырылған мектептер ашу, STEM-сыныптарын енгізу және «English ауылда» бағдарламасын іске қосуды ұсынып отыр.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.