«Әділет» партиясы Ақтөбеде ғылымды дамытуға және жастарды қолдауға бағытталған бастамаларын таныстырды
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Ақтөбе облысында жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және креативті жастармен кездесті. Жұмыс сапары барысында партия өкілдері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ғылымды дамыту, денсаулық сақтау саласына қажетті кадр даярлау және жастарды қолдау бағытындағы бастамаларын ұсынды.
Кездесуде ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Мирамгүл Есенғұлованың айтуынша, ең алдымен жастарға сапалы білім беріліп, ғылым дамуы керек, сол кезде еліміздің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.
«Бүгінде мемлекеттердің басты артықшылығы – білім мен ғылым. Сондықтан жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін күшейтуге, инновациялар мен заманауи білім беру технологияларын дамытуға бағытталған бастамалар жаңа буын мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарады», – деді ол.

Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, соңғы жылдары Президент бастамасымен ғылым саласында жүйелі реформалар жүзеге асырылып келеді. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі күшейтіліп, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды, саланы қаржыландыру көлемі өсті. Партияның сайлауалды бағдарламасы Мемлекет басшысының осы бастамаларын жалғастыра отырып, ғылыми зерттеулердің нақты экономика игілігіне жұмыс істеуіне жағдай жасауға бағытталған.
«Ғалымдардың еңбегі университет зертханаларында қалып қоймай, өндірісте сұранысқа ие технологияларға айналуы керек. Сондықтан ғылым мен бизнестің байланысын күшейтіп, жоғары оқу орындарының инновациялық әлеуетін арттыру маңызды», – деді Айбек Дәдебай.
Партияның сайлауалды бағдарламасында университеттер мен ғылыми ұйымдар жанынан эндаумент-қорларды дамыту көзделген, себебі бұл жеке инвестиция тартуға ықпал етіп, перспективалы жобаларды өндіріске енгізуді жеделдетеді.

Жиында медицина кадрларын даярлау мәселесі де сөз болды. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің аға оқытушысы Гүлнар Қалманова облыста 120-дан астам дәрігер жетіспейтінін айтып, телемедицина мен цифрлық шешімдерді енгізудің маңызын атап өтті.
Осы ретте Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Каринова партияның сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Бағдарламада «Саламатты шаңырақ» ұлттық науқанын іске асыру, кардиологиялық қызметті жаңғырту және еліміздің барлық өңірінде кардиореабилитация жүйесін кезең-кезеңімен дамыту қарастырылған. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерін қолдау, сала мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған бастамалар да бар.
Кандидаттар жұмыс сапарының соңында өңірдің креативті жастарымен кездесті. Онда жас мамандарды өңірлерде тұрақтандыру, жасанды интеллект бағытында жаңа білім беру жобаларын іске қосу, студенттер арасында спортты дамыту және әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту мәселелері айтылды. Қатысушылар кино, ойын индустриясы, анимация және цифрлық контент секілді креативті салалардың әлеуетіне қатысты пікірлерін ортаға салды.

Партия өкілдерінің сөзінше, Қазақстан халқының үштен біріне жуығы – жастар. Сондықтан олардың білім алуына, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауына және жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасау партия бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта жыл сайын кемінде 40 мың жас маманның тәлімгерлердің қолдауымен алғашқы еңбек тәжірибесін алуына мүмкіндік жасау көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында болып, «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырған болатын. Ақтөбедегі кездесу барысында жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер мен жастар көтерген ұсыныстар Республикалық сайлауалды штабтың алдағы жұмысы барысында міндетті түрде ескерілетіні айтылды.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.