«Әділет» партиясы Таразда денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты бастамаларын таныстырды
«Әділет» партиясы Республикалық сайлау штабының өкілдері Тараз қаласындағы Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының ұжымымен кездесті. Жиында денсаулық сақтау жүйесін дамыту, аурулардың алдын алу және медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру мәселелері талқыланды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар медицина қызметкерлеріне «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру жолдары жөнінде пікір алмасты.
Бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналады. Сондықтан бұл салада емдеумен қатар, аурудың алдын алу және оны ерте анықтауға ерекше назар аударылып отыр. Партия бағдарламасында да осы бағыттарға басымдық берілген.
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Хамит Мұрзақасымов бұл ұстанымды қолдайтынын жеткізді.
– Халықтың денсаулығы – кез келген мемлекеттің ең үлкен байлығы. Денсаулық сақтау саласына қатысты «Әділет» партиясының бағдарламасын қолдаймын. Өйткені онда ауруды емдеумен ғана шектелмей, оның алдын алу мен ерте анықтауға ерекше назар аударылған, – деді ол.
Партия бағдарламасындағы стратегиялық мақсаттардың бірі – қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін профилактикалық медицинаны дамыту, ауруларды ерте анықтау және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу көзделіп отыр.
– Бұл орталық өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буындарының бірі саналады. Ұжымның атқарып отырған жұмысы біздің сайлауалды бағдарламамыздағы мақсаттармен тікелей үндеседі. Біз азаматтардың өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа дейін арттыруды көздеп отырмыз. Ол үшін жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді кемінде 5 пайызға азайту қажет. Осы бағытта партия кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті кешенді жаңғыртуды, ерте диагностиканы дамытуды және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды ұсынады, – деді партия төрағасы Айбек Дәдебай.
Кандидаттар денсаулық сақтау саласын дамыту медициналық қызметтерді цифрландыру және профилактикалық жұмысты күшейтумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
Медицина саласының өкілдерімен өткен бұл кездесу партияның Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды. Бұған дейін «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені өңірдегі шалғай ауылдарды аралап, шаруалармен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен жүздескен болатын. Сондай-ақ Тараз қаласында жұртшылықпен білім беру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жастарды қолдау, балалардың құқықтарын қорғау және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.