Биыл негізгі ҰБТ-ға 233 мың талапкер қатысты
Биыл еліміздің мектеп түлектеріне 5 рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігі берілді. Ал негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Өтініштер сәуір айында қабылданды. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысты. Орташа балл 69-ға тең болып, былтырғы көрсеткіштерге сай келді. ҰБТ-ға қатысқан талапкерлердің 76%-ға жуығы шектік балл жинады. ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.
Қатысушылардың басым бөлігі – 73%-дан астамы тестілеуді қазақ тілінде, ал 27%-ға жуығы орыс тілінде тапсырды. Сонымен қатар 383 талапкер ағылшын тілінде тест тапсырды.
Спикердің айтуынша, 2026 жылғы ҰБТ-да ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы тағы да «Математика – Физика» болды.
«Талапкерлердің басым бөлігі «Математика – Физика» комбинациясын таңдады. Бұл 18%-ды құрайды. Келесі орында «Биология – Химия» комбинациясын таңдаған талапкерлер, олар 14%-дан артады. Сондай-ақ 12%-дан астам талапкер шығармашылық емтиханды тапсыруды таңдады. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жалпы гранттардың басым бөлігі инженерлік, техникалық бағыттарға бөлінеді. Сондықтан «Математика – Физика» комбинациясының көп таңдалуы заңды құбылыс деп есептейміз», – деді спикер.
Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырды. Ең жоғары балл – 140.
Ғылым және жоғары білім министрлігі барлық талапкерлер үшін жоғары білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800-ге жуық талапкер өтініш берді. Оларға ҰБТ кезінде қолдау шаралары қарастырылған. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы мұндай талапкерлердің саны небәрі 90 болған.
2022 жылдан бері тестілеу «1 компьютер, 2 камера, 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өткізіледі. Бұл тестілеу процесінің толық бақылауда болуын қамтамасыз етеді. Академиялық адалдық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін талапкерлер тестілеу аумағына кірер алдында мұқият тексеруден өтеді. Бұл жерде ұялы телефондар, шпаргалкалар, смарт құрылығылар мен басқа да техникалық құралдар алып кіруге жол берілмеді. Одан кейін талапкерлер Face ID жүйесі арқылы тексерістен өтеді. Бұл басқа адамның орнына тест тапсыру әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Әр аудиториядағы жағдай ҰТО-да орналасқан Ахуалдық орталық тарапынан нақты уақыт режимінде қадағаланады.
Биыл да біршама бұзушылық анықталды. 890 талапкер ҰБТ-дан шеттетілді. 522-сі тестілеуге рұқсат етілмеген заттар алып кіруге тырысты. 361-і тестілеу барысында ережелерді бұзды. Олардың нәтижелері жойылды.