Қазақстан Euronews-тің жаһандық ақпараттық күн тәртібінің бір бөлігіне айналып келеді
Euronews Astana бюросының жетекшісі Боян Бркичтің айтуынша, осы уақытқа дейін телеарнаның басты миссиясы Қазақстанды халықаралық аудиторияға таныстыру болды. Euronews бағдарламалары көрсетілетін 140 елдің көрермендеріне еліміздің табиғаты, мәдениеті, туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен насихатталды.
Оның сөзінше, 2025 жылдың тамызынан бері Қазақстанның көрікті жерлері, бай мәдениеті, салт-дәстүрі және заманауи тыныс-тіршілігі туралы баяндайтын «Modern Nomads» жобасының 43 бөлімі жарық көрген. Сонымен қатар «Voices from Central Asia» жобасының 20-дан астам шығарылымы әзірленді.
«Бизнес туралы бағдарламамыздың 20-дан астам эпизодында біз шетелдік бизнес-қоғамдастыққа Қазақстанға инвестиция салудың неліктен тиімді, перспективті, қызықты екенін, мұнда елдің дамуына қандай жақсы жағдайлар жасалғанын түсіндірдік. Шетелдік инвесторларға қандай артықшылықтар, қандай ынталандыру жасалатынын көрсетіп, елдегі оң өсу қарқыны туралы айттық. Бағдарламаларда Қазақстанның Еуропамен байланысы, маңызды сауда бағыттарындағы орны және сенімді серіктес ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Euronews Astana бюросының басшысы қазақ тілінде хабар таратуға тоқтала келе, жаңа кезеңнің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақ тіліндегі жаңа арнаның ашылуымен біз осы уақытқа дейін атқарған жұмысымызды кері бағытта жалғастырамыз. Яғни Брюссельде дайындалатын халықаралық жаңалықтарды Қазақстандағы аудиторияға ана тілінде ұсынамыз. Бұл жобаның табысты болатынына және қазақ тіліндегі Euronews бағдарламалары Орталық Азиядағы ең ірі ел – Қазақстан тұрғындарының әрбір шаңырағына жететініне сенемін», – деді Боян Бркич.