Қызылорда облысында инженерлік мектеп жобасы жүзеге асырылуда
Жобаның мақсаты – жұмысшы мамандарды насихаттау аясында оқушыларға ерте бағдар беру. Орта мектептегі үлгілік оқу бағдарламасындағы таңдау курстары мен үйірме сабақтары инженерлік-техникалық бағыттағы мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында Қызылорда облысы №290 жайлы мектеп директоры Мөлдір Смаханова мәлімдеді. Оның айтуынша, жобада оқушылардың инженерлік-техникалық бағыттағы білімге қызығушылығы оянып, қолданбалы білім арқылы практикалық ойлау дамытылады.
«Қазіргі уақытта жоба 8 бағытта жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, наноквантум, биоквантум зертханасы, лазерквантум, аэроквантум, өндірістік дизайн, «Бір қазан» кулинариялық шеберханасы және «Оймақ» сәндік-қолданбалы өнер мен тігін ісі», - деді спикер баспасөз конференциясында.
Кәсіби бағдар беру 2-сыныптан бастап енгізілді. Физика, биология, химия пәндерінің мұғалімдері бастауыш сынып мұғалімдерімен бірге отырып, кіріктірілген сабақ өткізіп, берілген инвентарьларды пайдаланып, оқушының бойында инженерлік- техникалық ойлау дағдыларын қалыптастырады.
«Инженерлік мектеп бағытында жасаған 8 авторлық бағдарлама бар. Келесі оқу жылында барлық үйірмелер мен таңдау курстары осы бағдарламалар аясында өтеді. Қазір ол бағдарламалар қалалық және облыс деңгейіндегі сайыстарға жіберіліп, апробациядан өтуде. Біздің «Жайлы мектеп» облыстағы тірек білім беру ұйымы ретінде бекітілді. Яғни біз инженерлік жобамызды облыста таратудамыз. Тәжірибемізді басқа өңірлердегі жайлы мектептерге таратуды көздеп отырмыз», - деді мектеп басшысы.