СЕНАТОРЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫ МАҚҰЛДАДЫ


Политика / 14 сен 2023 17

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар үш халықаралық келісімді ратификациялау туралы заңдарды қарап, мақұлдады. Сондай-ақ сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Күн тәртібіне сәйкес отырыс барысында «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» және «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралды. Аталған заңдардың бірінде «үйлестіруші мемлекеттің» болуын көздейтін норма бар. Бұл ҰҚШҰ-ның бітімгершілік контингентінің БҰҰ аясындағы бітімгершілік операцияларға қатысуы үшін қоятын Біріккен Ұлттар Ұйымының талабы екенін атап өткен жөн. Мұндай мемлекет логистика, контингентті тасымалдау және қаржы мәселелері бойынша БҰҰ-мен өзара іс-қимыл жасау үшін айқындалады. Өз кезегінде, ҰҚШҰ-ға мүше әр мемлекет бітімгершілік операцияларға қатысу дәрежесі туралы шешімді дербес және ерікті түрде қабылдайды. «Қаралған заңдар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының қызметіне қатысты жекелеген мәселелерді реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, Ұйымның бітімгершілік әлеуетін Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде қолдану мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар заңдар аясында мүше-мемлекеттердің құқықтық көмек көрсету, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылдың негіздері мен шарттары анықталады. Осы заңдар Ұйымның бейбiтшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы іс- шараларының тиімділігін арттыруға он үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Ғауез Нұрмұхамбетов Қостанай облысында егін жинау науқанына байланысты проблемалар туындап отырғанын айтып, егінді сақтауға қатысты бірқатар шара ұсынды. Сұлтанбек Мәкежанов Үкіметті республикалық бюджеттен қосылған құн салығын қайтару мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Сенатордың айтуынша, бұл жергілікті бюджетке қосылған құн салығынан түсетін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Бекбол Орынбасаров Маңғышлақ түбегінде орналасқан Торыш алқабын ерекше қорғалатын аумақ деп тану және оны Маңғыстау облысының туристік маршрутына енгізу қажеттігін айтты. Евгений Больгерт еліміздегі жеке медициналық мекемелерге қатысты қатаң шаралар қабылдауға әкеліп соғатын тәуекелдерді атап өтті. Осыған орай сенатор Денсаулық сақтау министрлігіне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметтерін сатып алу және орналастыру рәсіміне жіберу үшін кем дегенде 10 мың адамды белгілеу жөніндегі норманы алып тастауды ұсынды. Сұлтан Дүйсембинов ұлттық туризм саласындағы проблемаларға назар аударып, туристік әлеуетті дұрыс пайдалану үшін жаңа мемлекеттік бағдарлама қажет екенін тілге тиек етті. Руслан Рүстемов Аралдың кебуін және Қызылорда облысындағы су тапшылығы проблемасын көтере отырып, Қараөзек өзенінің арнасында салынуға тиіс су қоймасына су жинақтаудың маңызды екенін айтты. Қайрат Тастекеев қазақстандық экрандарда шетелдік сериалдардың көрсетілуін шектеуді ұсынды. Депутаттың айтуынша, мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайтуға және дәстүрлі құндылықтарды ілгерілетуге оң әсер ететін отандық киноиндустрияның дамуына тың серпін береді. Андрей Лукин қара металл сынықтарын экспорттау саласындағы заңдылық мәселелеріне тоқталды және саладағы жағдайды шешу үшін бірқатар шара ұсынды. Әли Бектаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану саласына қатысты проблемаларға назар аударды.

Құрметпен, Баспасөз қызметі

Последние новости

Контакты

Главный редактор: Мадина Жатканбаева

Тел: +7 777 471 71 40

e-mail: xaqmedia.kz@mail.ru

Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания №KZ74VPY00062329 выдано 30.12.2022

© xaqmedia.kz | Все права защищены.