«Біздің басты қалқанымыз – Конституция»: «Әділет» партиясы «заң алдында бәрі тең» қағидатын жақтайды
Бүгін Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай сайлауының алдындағы үшінші теледебат өтті. Оған «Әділет» партиясының атынан кандидаттар Айжан Аймағанова мен Мәди Мырзағараев қатысып, партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының құқықтық блогын таныстырды.
Өз сөзінде Мәди Мырзағараев «Әділет» партиясы «заң алдында бәрі тең» деген қағидатты берік ұстанатынын мәлім етті. Оның айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттің жаңарған құқықтық негізін қалыптастырса, оның принциптері партияның «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан.
Кандидат әлеуметтік әділдік туралы баса айта келе, ешкімнің байлығы мен лауазымы оны жазадан құтқармайтынын ерекше атап өтті.
«Біздің басты сүйенішіміз – Ата заң, қорғайтынымыз адал азамат.
Адалсың ба – қорықпа, заң бұздың ба жауап бер. Байлығың мен лауазымың жазадан құтқармайды. Елімізде заң көп. Біз ол заңдарға ревизия жасаймыз. Конституцияға сай етеміз», - деді Мырзағараев.
Өз кезегінде, депутаттыққа кандидат Айжан Аймағанова «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында әрбір азамат үшін қауіпсіз әрі жайлы мемлекет қалыптастыруды мақсат еткен маңызды бағыттар қамтылғанын атап өтті.
«Біз құқық бұзушылық болғаннан кейін ғана әрекет етпеуіміз керек. Әйел адам зардап шеккенін немесе зейнеткердің алаяқтарға бар жиған-тергенін беріп қойғанын күтпеуіміз керек. Біз мұндай жағдайлардың алдын алып, әрекет етуіміз қажет. Біз айтып жүрген «Заң мен тәртіп» қағидаты да дәл осыны көздейді. Бұл ұран емес, есеп үшін жасалатын жұмыс емес, бұл - күнделікті өмірде нақты нәтижесін көрсетуі керек. Ал қоғамның өзі бұл өзгерістерге сенбесе, ешқандай реформа өзінің мақсатына жете алмайды», – деді Айжан Аймағанова.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.