2023-2027 жылдарға жоспарланған мамандандырылған мектептер желісін ашу, дамыту, жүзеге асырудың жоспарын қабылдау қажет – депутат Жұлдыз Сүлейменова
Депутат өзіңнің сауалын вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жолдады
Сауалында 2023-2027 жылдары барлық өңірлерде Абай атындағы гуманитарлық мектептер, О. Жәутіков атындағы IT мектептер, Қ. Сәтбаев атындағы техникалық мектептер желісін ашу туралы жазған.
«Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Дүйсенова Т.Қ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауда: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.
Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», – деп, білім экономикасындағы жаңа міндеттерді айқындады.
«Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асыру аясында 2023-2027 жылдары барлық өңірлерде Абай атындағы гуманитарлық мектептер, О. Жәутіков атындағы IT мектептер, Қ. Сәтбаев атындағы техникалық мектептер желісін ашу жоспарлануда.
Аталған желілік мектептер аясында оқушылардың бойында лингвистикалық-гуманитарлық білімді, инженерлік-техникалық құзыреттіліктерді, STEAM оқытуды, еңбек нарығының сұраныстарына сай кәсіби бағдарды дамытуы қарастырылады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп, кең ауқымда оқытудың жаңа мазмұндық білім беру бағдарламаларын әзірлеуде, оны оқыту методикаларын насихаттауда өлшеусіз тарихы бар қарашаңырақ – Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мамандандырылған орта мектеп-интернатының методикалық орталық ретінде дамуына тың серпін болары сөзсіз.
Осыған орай, Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-Мәдени даму Комитетінің депутаттары ретінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында бастамашылықпен «желілік мектептер» ұғымы Заңға енгізілуде.
AMANAT партиясы фракциясы Абай атындағы гуманитарлық мектептер, О. Жәутіков атындағы IT мектептер, Қ. Сәтбаев атындағы техникалық мектептер желісіннің инфрақұрылымдық, білім беру мазмұны, бағдарламалар, ұстаздардың біліктілігін арттыру, академиялық еркіндік, ауыл оқушылары және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін арнайы квота және қаржылық мәселелерін шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі аталған желілік мектептерді ашу және дамыту бағдарламасын және оны жүзеге асырудың жоспарын қабылдауы қажет деп санайды.
Депутаттық сауалдың толық мәтіні қосымша жолданатын болады.
AMANAT партиясы фракциясы мүшелері».
Сурет - parlam.kz, atpress